Мектеп құрылымы

          Ақтөбе облысы Алға ауданы Маржанбұлақ ауылының тарихында ХХ ғасырдың басында алғаш рет екі кластық шіркеулік приход мектебі ашылды.Одан кейін  1933-1934  оқу жылдарында  төрт кластық бастауыш мектебі, 1949-1950   жылдары Пригород жеті жылдық мектебі, 1962 -1963 жылдары Пригород сегіз жылдық мектебі, 1969-1970 оқу жылында Пригород он жылдық мектебі деп аталды. Жалпы орта білімін жалғастыру үшін мектеп жанындағы интернатқа Қайыңдысай, Құрашасай, Көктоғай сынды елді-мекендерден оқушылар келіп орналасты. Мектеп интернаты 2017-2018 оқу жылына дейін қызмет жасады. Ал, 1970-1971 оқу жылынан бастап мектеп атауы Маржанбұлақ орта мектебі деп өзгертілді.

           

                                    Жаңа мектеп құрылысы

      1985 жылы ауылды қуандырған жаңалық -  жаңа мектеп құрылысының  басталуы еді . Мектеп 392 орын мен 13 оқу кабинеттеріне бағытталып салына бастады. Дегенмен, 1986 жылы мектеп құрылысының жобасымен алғаш танысқан ұжым тағы да 5 оқу кабинетін қосып, оқу-тәрбие жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілуі үшін қолөнер, еңбек кабинеттері, информатика, лингафонды кабинет пен жеңіл атлетикаға арналған алаңды қосымша жабдықтауды ұсынды. Нәтижесінде, 1987 жылы жаңа мектеп құрылысы аяқталып, еңселі екі қабатты мектеп  пайдалануға берілді.

                                                Қазақ сыныптарының ашылуы

      1993-1994 оқу жылынан бастап Ақтөбе ауданы (қазіргі Ақтөбе облысы) бойынша алғаш рет Маржанбұлақ орта мектебінде 5-6-кластардан бастап қазақ сыныптары ашылды. Орыс сыныптарындағы оқушылар ата-аналарының келісімімен қазақ сыныптарына қабылданды.Алайда,  1990 жылдан бастап 1- кластар оқи бастады. Қазақ сыныптарының алғашқы ұстазы Ержанова Ермек Бисеновна. Бірақ, қазақ тіліндегі оқулықтардың тапшы болуына  байланысты біршама қиындықтар туындады. Дегенмен, қазақ балаларының сапалы білім алуы үшін Есмағамбетов Қарымсақ Арыстанұлы, Юсупова Күнсұлу Утемуратовна, Дүйсенова Базаргүл Темиржановна, Қасым Дағыс Қасымұлы  бастаған мұғалімдер  көрші аудандардан оқулық алдырып, оқушыларды  білім нәрімен сусындатты.

       Қазіргі таңда Маржанбұлақ орта мектебін Алдияров Табиғат Отарұлы басқарып отыр. Мектепте  549  оқушы 80 мұғалім, 25 қызметкер бар.

       Мектеп ұжымы қазіргі таңда оқытудың жаңа технологиялық әдіс – тәсілдерін пайдалану арқылы дарынды оқушыларды дер кезінде анықтап, шәкірттерді шығармашылыққа баулуды басты парыз санайды. «Оқу мен тәрбие егіз» ұғымын өз ісінде жүзеге  асырып келе жатқан мектеп ұжымының еңбегі өзгелерге үлгі боларлық. Оқушыларға үш тілді меңгерту, мектепті компьютерлендіру және интернет жүйесімен жұмыс жүргізуді басты назарға алуда. Мектептің материалдық базасын нығайтып, ғылыми негіздермен білім беретін пән кабинеттері жабдықталды. Мектебіміздегі биология, химия, физика, информатика, мультимедия кабинеттері жаңа модификациялы кабинеттер болып табылады. Сонымен бірге салауатты өмір салтын ұстану мақсатында 2 спортзалы жұмыс жасайды.  Мектептегі оқушылардың рухани дүниесін байытуға ұйытқы болып отырған кітапхана жұмысы да жақсы жолға қойылған. Онда 28 056 дана оқулық, 1 874 әдістемелік әдебиеттер, 600 дана электронды оқулық, 14 011 көркем әдебиеттер қорымен бірге «Рухани жаңғыру» бұрышы бар.  «Кітап – Рухани қазына» тақырыбында «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы іске асырылып жатыр.

       Маржанбұлақ орта мектебінде волейбол, теннис,   футбол, тоғызқұмалақ  секциялары жұмыс жасайды және «Жас актер», «Бабадан қалған бар байлық» үйірмесі, «Жас эколог», «Балақай» анимациялық қуыршақ үйірмесі,  «Палитра» бейнелеу өнері студиясы бар. Сонымен бірге ақылы негізде «Алтынай» би үйірмесі,каратэ, қазақша күрес, дзюдо, бокс үйірмелері жұмыс жасап, мектеп оқушылары қызығушылықпен қатысуда. Аталған үйірмелердің оқушылары  түрлі шараларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

       Қ.Р. Тұңғыш Президенті  Н.Ә.Назарбаев: «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп өз сөзінде айтқанындай, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі ұстаз қауымының алдында тұрған үлкен мәселе. Міне, осындай үлкен жетістікті арқалап келе жатқан мектептің әлі де жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі әлі алда.